Ағымдағы жылғы 5 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті

Салықтық әкімшілендіру тиімділігіне, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да төлемдердің толықтығы мен уақтылылығына жүргізілген мемлекеттік аудит салықтық түсімдер көлемінің ұлғаюына қарамастан, соңғы жылдардағы деректерді талдау жергілікті бюджетке салық түсімдерінің өсім қарқынының 2016 жылғы 17,6%-дан 2019 жылғы 4,2%-ға дейін төмендеу үрдісінің байқалып жатқанын куәландыратынын көрсетті. Салық түсімдерінің өсу қарқынының төмендеуі Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының «Жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсу қарқыны, %» нысаналы индикаторының орындалуына айтарлықтай әсерін тигізді, 2019 жылы оған қол жеткізілмеген. 2019 жылғы желтоқсанда кейбір ірі салық төлеушілердің болашақ кезеңдер есебіне 3 260,0 млн.теңге сомаға ақша қаражатын аванс ретінде берулері де елеулі көмек көрсете алмады. Бұл ретте, 2019 жылға өсім қарқынын қысқаруы (2016 жылғы 18,6%-дан 2019 жылы 6,4%-ға дейін) жоспарланған еді. 2019 жыл ішінде болжамды көрсеткіштердің қысқаруына  қарамастан (төлем көзінен салық салынатын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы бойынша – 3 637,2 млн. теңгеге (қысқару – 3,34%), әлеуметтік салық бойынша – 2 487,8 млн. теңгеге (қысқару – 2,62%), жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық – 548,8 млн. теңгеге (қысқару – 8,35%), жалпы салық түсімдері бойынша жоспар 98,7%-ға ғана орындалған (орындалмағаны – 1,3% немесе 3 441,3 млн. теңге).

Осылайша, бересінің салық түсімдерінің жалпы сомасына арақатынасының тұрақты сипаты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (бұдан әрі – Департамент, мемлекеттік кірістер органдары) салық органдары үшін басым және өзекті міндет болып табылатын бересіні азайту жөніндегі жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін қамтамасыз етпегенін көрсетті. Соңғы үш жылда бересі 98%-ға немесе 1 897,0 млн. теңгеге өскен және 2019 жылдың соңына 3 830,7 млн. теңгені құрады. Бересіні қысқарту мәселелерінің бірі атқарушылық іс жүргізу органдары мен мемлекеттік кірістер органдарының интеграциясы бойынша ақпараттық жүйелердің болмауы болып табылады. Осыған орай, жеке тұлғалардың салық берешегін мәжбүрлеп орындау үшін жеке сот орындаушыларының жұмысындағы 16 579 салық бұйрықтары бойынша Департаментте олардың орындалуы бөлігінде ақпарат жоқ, өйткені салық бұйрықтарын жіберу тетігі автоматтандырылмаған.

Мемлекеттік кірістер органдары салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру кезінде жүйелі сипаты бар салық заңнамасын бұзушылықтарға жол береді (салық берешегі туралы хабарламаларды, салық бұйрықтарын уақтылы жібермеу; пошта арқылы (тапсырыс хатпен) қағаз тасығыштарда жіберілген жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды тапсыру мерзімдері туралы деректердің БСАЖ АЖ-да болмауы; салық заңнамасының нормаларын жеке кәсіпкерлерге заңсыз қолдану, ал басқа жағдайларда уәкілетті органнан нұсқаманың табыс етілуі туралы мәліметтер алынған болса да, жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбайтын салық төлеушілерге салықтық әкімшілендірудің шараларын уақтылы қолданбау).

Тіркелген бақылау-кассалық аппараттар мен жеке шоттар бойынша жүргізілген талдау қатты отынмен жылытылатын коммерциялық объектілер (моншалар, дүкендер, салондар және т.б.) бойынша қоршаған ортаға эмиссияға төлемнің болмауын анықтады. Одан басқа, аталған салық төлеушілер мүлік және жер салықтарын төлеу арқылы қала бюджетін қалыптастыруға қатыспайды.

Жеке тұлғалардан көлік құралдарына арналған салықты есептеудің толықтығын талдау қозғалтқышының көлемі үлкен және сыйымдылығы ұлғайтылған, жүріп өту мүмкіндігі жоғары (джип, пикап, лимузиндер) көлік құралдарының иелері көлік құралдарына арналған салықты төмендетілген мөлшер бойынша төлейтінін көрсетті, бұл ретте, мемлекеттік кірістер органдары да салық заңнамасын бұза отырып, аталған көлік құралдарына салықты есептеу кезінде жеңіл көлік құралдарына көзделген салық мөлшерлерін қолданбайды, бұл жергілікті бюджеттің шығындарына әкеп соғады (іріктеу арқылы 2018 жылы 12 салық төлеуші бойынша ғана 2,6 млн. тенге, ал 2019 жылы 25 салық төлеуші бойынша 6,4 млн. теңге түспегені анықталды). Одан басқа, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Полиция департаменті) тарапынан салық түсімдерінің көлеміне әсер ететін 26 көлік құралын тіркеу кезінде 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының бұзушылықтары анықталды.

Департаменттің мәліметтеріне сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік бажды төлеушілер, олар есептеген мемлекеттік баж сомалары туралы ақпаратты және алым төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәліметтер ұсынбайды. Аталған әрекеттер Салық кодексінің нормалары талаптарының (550-баптың 5-тармағы, 607-баптың 2-тармағы) бұзылуына әкеп соғады. Бұл ретте, Департамент осы бағытта жұмыс жүргізбейді және уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдамайды.

Полиция департаменті Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу қағидаларының 2-тарауының 16-тармағын бұза отырып, 2019 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді тіркеу әрекеттерін жүргізу үшін қажетті құжаттарды қараусыз жүзеге асырған. Осылайша, көрсетілген кезеңде 63 304 бірлік көлік құралы тіркелген. Осыған байланысты, оларды тіркеу кезінде бюджетке алым және түсімдердің толықтығы жөнінде мәселе туындайды.

Сондай-ақ, жер қатынастары мәселелері бойынша уәкілетті органдардың өзара қарым-қатынастары ерекше назар аударуды талап етеді. Аудит материалдары «Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ (бұдан әрі – Сәулет басқармасы) мен «Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ (бұдан әрі – Қалалық ортаны бақылау басқармасы) арасында өзара іс-қимылдың жоқ екенін куәландырады. Осылайша, Сәулет басқармасы салық төлеушілерге шаралар қабылдау үшін көзбен шолып қарау нәтижелерін Қалалық ортаны бақылау басқармасына уақтылы жібермейді, ал соңғысы қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынбайды. Осыған байланысты, 113 жер учаскесі бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.

«Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ (бұдан әрі – Табиғатты пайдалану басқармасы) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұза отырып, қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органға заңнамаға сәйкес ден қою шараларын қабылдау үшін табиғатты пайдалану шарттарының орындалуы туралы есептерді ұсынбаған табиғат пайдаланушылары туралы мәліметтерді жібермеген.  Одан басқа, Тексеру комиссиясы елорда аудандары әкімінің аппараттары тарапынан қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының түсуіне жәрдемдесулерінің болмауы фактісін көрсетеді.

Мемлекеттік кірістер органдары жүргізетін салықтық тексерулерді талдау жүргізілген олардың тиімсіздігін куәландырады (Осылайша, ЖТС-ты толық және уақтылы төлеу мәселесі бойынша жүргізілген тексерулердің 2018 жылы 74,7%-ы, 2019 жылы 78,8%-ы нәтижесіз болған, әлеуметтік салық бойынша салық төлеушілерді тексеру бойынша тиісінше 76,8% бен 78,9%, көлік құралдарына салынатын салық бойынша 62,8% бен 75,9% болған). Нәтижесіз тексерулердің себептерінің бірі жергілікті бюджетке салықтарды, алымдарды және басқа да төлемдерді жеке есепке алмай жүргізілетін қолданыстағы салық төлеушілерді тексеруді іріктеудің жүйесі болып табылады, бұл сайып келгенде, жергілікті салықтар мен төлемдер бойынша қатарынан бірнеше жылдар бойы салық төлеушілер объектісіне бару арқылы салықтық тексерулердің жүргізілмеуіне әкеп соғады.

Осылайша, мемлекеттік аудит қорытындылары мемлекеттік кірістер органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың (Сәулет басқармасы, Табиғатты пайдалану басқармасы, Полиция департаменті, Қалалық ортаны бақылау басқармасы) қызметкерлері жол беретін кемшіліктер мен бұзушылықтардың бар екендігін көрсетті.

Бюджеттің тікелей (жанама) шығындарының жалпы сомасы 216,5 млн. теңгені құрады, 28 рәсімдік және 91 жүйелік сипаттағы бұзушылық анықталды, бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы 2 687,2 млн. теңгені құрады.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы қаулы қабылдады, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар жіберілді.

Жаңалықтар