Шрифт көлемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Суретті көрсету:
Жай нұсқа
07.12.2018

2018 жылғы 7 желтоқсанда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында мемлекеттік органдарға Астана қаласын дамытудың жекелеген бюджеттік бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының, сондай-ақ ішкі нормативтік-құқықтық актілердің сақталуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қарастырылды.

Мемлекеттік органдарға Астана қаласын дамытудың жекелеген бюджеттік бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының, сондай-ақ ішкі нормативтік-құқықтық актілердің сақталуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары, аудитпен қамтылған бюджеттік даму бағдарламалары олардың бекітілген мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес орындалғанын көрсетті (аудитпен «Астана қаласының Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы» ММ, «Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ және «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ қамтылды).

Сонымен бірге, бюджеттік даму бағдарламалары мен бюджеттік инвестициялық жобалар өткен жылдардағыдай бұзушылықтармен және кемшіліктермен іске асырылған және олардың басым бөлігі жылдан жылға жүйелі түрде қайталанады.

Аталған бұзушылықтар бюджеттік даму бағдарламалары мен бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлаудың, іске асырудың және бақылаудың барлық сатыларында жіберіледі.

Бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыру кезінде мынадай бұзушылықтар мен кемшіліктерге жүйелі түрде жол беріледі:

- бюджеттік даму бағдарламаларын бекіту мерзімдерінің бұзылуы;

- бюджеттік даму бағдарламаларында нәтиже көрсеткіштерінің болмауы;

- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін нәтиже көрсеткіштерінің пайдаланылуы. Осы ретте көрсеткіштер, негізінен, қолданыстағы талаптарды бұза отырып, Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының индикаторларымен сәйкестендірілмеген және мақсаттар мен орындалған міндеттерге қол жеткізілуін көрсетпейді. Бұдан бөлек, жекелеген жағдайларда қолданыстағы көрсеткіштер тым нақтыланып жазылған және орындалуы туралы есептілікті қалыптастыру үшін шамадан тыс еңбек ресурстарын жұмсауды талап етеді, осыған байланысты көрсеткіштердің орындалуы туралы есептілікті растайтын құжаттарының болмауы мүмкін;

- бюджеттік бағдарламалардың нәтижелерінің жоспарлы көрсеткіштерін есепті кезеңнің соңында іс жүзінде қалыптасқан нәтижелерге бейімдеп өзгерту;

- бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептіліктің бұрмалануы.

Аудит объектілері құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру кезінде жүйелі түрде келесі бұзушылықтарға жол береді:

- мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын органды хабарландырмау немесе уақтылы хабарландырмау;

- жұмыстарды орындалған жұмыстардың белгіленбеген нысандағы актілері бойынша қабылдау;

- сапасыз орындалған, жекелеген жағдайларда адамдардың қауіпсіздігіне әсер ететін жұмыстарды қабылдау;

- іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстарын қабылдау;

- сапасыз жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеу және сапасыз ЖСҚ бойынша тиісті өзгертулерді енгізбей немесе белгіленген тәртіппен бекітілмеген ЖСҚ бойынша жұмыстарды қабылдау. Бұл ретте, ЖСҚ-ға өзгертулер енгізу туралы кейбір шешімдер жасалған жұмыстардың сапалық көрсеткіштеріне ықпалын тигізеді.

Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың түрлі сатыларында сапасыз жоспарлау белгілі бір кемшіліктерге әкеп соғады.

Біріншіден, мердігер ұйымдарға аванс сомаларын аударып, бірақ олардың шарттық міндеттемелерін орындауға асықпауынан ұзақ мерзімге дебиторлық берешектің едәуір көлемінің қалыптасуына жол беріледі, бұл мердігерлерге шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі келгенше біршама уақыт бойы бюджет қаражатын өз қалауы бойынша пайдалануға мүмкіндік береді.

Екіншіден, көпшілік жағдайда жобаларды іске асырудың нормативтік мерзімдерін кешеуілдету олардың қымбаттауына, белгіленген мерзімде нәтижелерге қол жетізілмеуіне, ЖСҚ-ға өзгертулер енгізу бойынша шығындарға, аяқталмаған объектілерді күтіп ұстау қажеттілігіне және басқа да экономикалық шығындарға әкеп соғады. 

Аудит көрсеткендей, жіберілген бұзушылықтар мен кемшіліктердің негізгі себебі жауапты тұлғалардың өздеріне сеніп тапсырылған жұмыс учаскелерінде ҚР заңнамасының нормаларын дұрыс қолданбауы, жұмыскерлердің өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауы, олардың жұмыс жүктемесінің шамадан тыс көп болуы, кадрлардың тұрақтамауы, басшылық құрам тарапынан заңнама нормаларының сақталуына тиісті бақылаудың қамтамасыз етілмеуі, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің құрылымдық бөлімшелері арасында, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өзара іс-қимылының төмен деңгейі болып табылады. Жекелеген жағдайларда бұзушылықтарға ҚР заңнамасының дұрыс түсіндірілмеуі себепші болады, біздің пікірімізше, бұл кейбір жағдайда заңнаманың өзіндегі кемшіліктермен байланысты.

Жалпы алғанда, аудит қорытындысы бойынша 2 052,4 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 52,4 млн. теңге бюджет кірісіне өтеуге, 2 000,1 млн.теңге есеп бойынша және жұмыстарды орындау жолымен қалпына келтіруге жатады. Сонымен қатар, 195 рәсімдік бұзушылық және 29 кемшілік анықталды.

Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

Мұнымен қоса, 100 факті бойынша аудит материалдары уәкілетті органдарға әкімшілік шаралар қабылдау үшін жолданды, оның ішінде: мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактілері бойынша – 2 материал, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзушылық фактілері бойынша – 8 материал және сәулет және қала құрылысы қызметі туралы заңнаманы бұзушылық фактілері бойынша – 90 материал.

23 факті бойынша материалдар Астана қаласының прокуратурасына процестік шешім қабылдау үшін жіберілді.