2020 жылғы 10 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында мемлекеттік орган қызметінің тиімділігіне және оның жекелеген бюджеттік бағдарламаларды орындауына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы «Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік органы қызметінің тиімділігі мен оның жекелеген бюджеттік бағдарламаларды орындау қорытындыларын қарап, жалпы,  мемлекеттік органның міндеттері мен функциялары ҚР заңнамасына сәйкес іске асырылатынын атап өтеді.

Басқарма қызметін регламенттейтін ішкі құжаттарды зерделеу Басқарманың өз қызметінде бірқатар жүйелік бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол беретінін, мемлекеттік органның Ережесін әзірлеу және бекіту кезінде ҚР заңнамасының нормаларын сақтамау бойынша бұзушылықтар анықталғанын көрсетті. Мысалы: «Қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығы» ШЖҚ МКК басқару жөніндегі өкілеттіктердің Басқармаға берілгенін ескере отырып, мемлекеттік орган миссиясының мазмұны Ережеде өзектендірілмеген, нәтижесінде Басқарма ережесінде көзделген жекелеген функциялар мемлекеттік органның миссиясына сәйкес келмейді; мемлекеттік органның Ережесінде көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласының аумағында ветеринариялық бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру жөніндегі басқарманың миссиясы қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейді, бүгінгі күні ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды «ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясы» ММ жүзеге асырады.

Басқарманың алға қойған міндеттерді іске асыруының тиімділігіне айтарлықтай әсер ететін кемшіліктер бар. Осылайша:

- сыртқы (көрнекі) жарнама мәселелерін реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру тетігі заңнамалық деңгейде пысықталмаған;

- жергілікті атқарушы органның артық функцияларын қысқарту шеңберінде тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, олардың тіркемелерін техникалық байқаудан өткізу бойынша басқару функцияларын бәсекелестік ортаға беру туралы мәселе қаралмаған;

- Басқарма үлестес тұлғаны басқаруға қатысты болып табылатын ведомстволық бағынысты ұйымның құрылыс объектілерін бақылау және қадағалау түрінде мемлекеттік реттеу функциясын жүзеге асырады, бұл мүдделер қақтығысына, Басқарманың өз өкілеттіктерін тиісінше жүзеге асырмау тәуекеліне әкеп соғады.

Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің қызметінде бірқатар кемшіліктер, атап айтқанда: есепті кезеңге және ұзақ мерзімді перспективаға арналған жұмыс жоспарларын бекітпей қызметті жүзеге асыру, есепті кезеңде атқарылған жұмыс туралы есептерді ұсыну тәжірибесі жоқтығы атап өтіледі.

Жалпы, Басқарма бюджеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде көзделген іс-шараларды орындады, тікелей нәтижелердің жоспарланған түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізді.

Сонымен бірге, Басқарманың бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізгеніне қарамастан, бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер бар, атап айтқанда: бюджеттік бағдарламаларды бекіту (қайта бекіту) мерзімдері сақталмайды, бюджеттік бағдарлама басшысының жеке бұйрығымен бекіту тәжірибесі қолданбайды.

Сонымен қатар, бюджеттік өтінімдерде қамтылған есептерге арналған ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы қамтамасыз етілмеген, бұл жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың тиімсіз жоспарланатынын көрсетеді.

Бюджет қаражатын жоспарлау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды, атап айтқанда, әлеуетті өнім берушілер бағаларының мониторингі, нарықты, сатып алынатын тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) талдау және т.б. жүзеге асырылмайды, сатып алынатын тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) қажеттілігін және олардың санын растайтын құжаттар мен есептер жоқ.

Кемшілік ретінде проблемалық үйлерді салу үшін қажетті бюджет қаражатын жоспарлау кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) іске асыру мерзімі өтіп кеткен жобаға 1,5 млрд.теңге сомасында қаражат бөлу жоспарланғаны атап өтілді. «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 ҚР Заңының 60-бабының 7-тармағына сәйкес ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылысы басталмаған ЖСҚ ескірген болып саналады.

Сондай-ақ, құрылымдық бөлімше басшысы мен мамандарының функционалдық міндеттерінде бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі міндет көрсетілмеген, бағдарламалық құжаттардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған жұмысты жүзеге асыру, басқарма қызметі нәтижелерінің экономикалық көрсеткіштерін есепке алу жөніндегі жұмысты орындау жөніндегі міндет, бухгалтерлік есепті жүргізу жөніндегі функция жоқ.

Жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде бюджеттік ресурстарды пайдалану жөніндегі іс-шараларды орындау шеңберінде Басқарма келесі кемшіліктерге жол береді:

- сатып алуды жүргізу кезінде қызметтерді жеткізушілермен шарт мәнінің дұрыс белгіленбеуі;

- қызметтерді жеткізушілердің бюджеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде шарттық міндеттемелерді орындау мерзімдерін сақтамауы;

- шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін қызметтерді жеткізушілерге Мемлекеттік сатып алу бойынша ҚР заңнамасында көзделген шаралар, атап айтқанда, тұрақсыздық айыбын ұстап қалу (өндіріп алу), жосықсыз өнім беруші деп тану бойынша сот органдарына жүгіну уақтылы жүзеге асырылмайды.

Жоғарыда келтірілген кемшіліктер мен бұзушылықтардың басым бөлігі жүйелік сипатқа ие екендігі атап өтіледі, бұзушылықтарға жол берудің негізгі себептері қызметкерлердің өздеріне сеніп тапсырылған жұмыс учаскелерінде өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы, қызметкерлердің жүктемесі, басшылық құрам тарапынан қызметкерлердің ҚР Заңнамаларының нормаларын сақтауына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі болып табылады.

Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық актілердің, атап айтқанда, төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің жоғары деңгейге сәйкес келмеуі бөлігінде, олқылықтарын атап өтеміз. Осылайша, жергілікті атқарушы органның ветеринария саласындағы жекелеген функцияларының жойылуына байланысты ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына көрсетілетін қызметті берушіні айқындау бөлігінде өзгерістер енгізілмеген.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін белгілейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге уәкілетті орган бекітілген мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізбеген. Бұл олқылықтар норманы қолдану бөлігінде сәйкессіздікке әкеп соғады, өйткені ол ветеринария саласында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде норманы қолданудың бірлігін қамтамасыз етпейді. Аудит бүгінгі күнге дейін техникалық инспекция және ветеринария саласындағы мемлекеттік қызметтер Басқарманың кеңсесі арқылы құжаттарды қабылдау арқылы қағаз тасығышта жүзеге асырылатынын атап өтті.

Жалпы аудит нәтижесі бойынша 434,7 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, соның ішінде 434,7 мың теңге өтелуі тиіс (аудит барысында 434,7 мың теңге өтелді), 1 548 292,4 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ, 17 рәсімдік бұзушылық және 17 жүйелік кемшілік анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы қаулы қабылдап, тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.