Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органы ретінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы қызметінің мақсаты жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады және www.rkastana.gov.kz. сайтында  орналастырылатын тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының Тізбесі негізінде жүзеге асырады.

Мысалы,  2021 жылдың 9 айы  ішінде 13 аудиторлық іс-шара бойынша отырыс өткізілді, онда 55 нысан қамтылды, оның ішінде мемлекеттік органдар мен мекемелерде – 26; квазимемлекеттік сектор нысандарында - 29.

Аудит арқылы қамтылған қаражаттың жалпы сомасы 182 083,7 млн.теңгені құрады.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 148 688,4 млн. теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:

1) қаржылық бұзушылықтар - 1 092 168,1 млн. теңге, олар бюджетке өтелуге және/немесе құжаттарды сәйкестікке келтіру және/немесе жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілуі тиіс;

2) пайдаланылған бюджет қаражатының тиімсіздігі бойынша - 9 575,2 млн. теңге;

3) тиімсіз жоспарлауды жүргізу бойынша - 46 945,1 млн.теңге.

Сонымен қатар, аудит объектілерінің қызметінде рәсімдеу  тәртібін орындаудың 1 208 бұзылуы және 451 жүйелік кемшіліктер анықталды.

Қаржылық бұзушылықтардан бүгінгі күні өтеуге тиіс
3 825,0 млн.теңгеден 2 741,5 млн. теңге (71,1%) өтелді, 1 089 718,8 млн. теңгеден 1 084 113,6 млн. теңге (99,5%) қалпына келтірілді.

Жалпы, есепті кезеңде жүргізілген аудиторлық іс-шаралар бюджетті жоспарлау кезінде кемшіліктердің орын алатынын, бюджет қаражатын пайдаланудың негізділігі мен тиімділігі қағидаттарын мемлекеттік мекемелерде ғана емес, квазимемлекеттік сектор объектілерінде де сақтамағанын көрсетті. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана су арнасы»  ШЖҚ МКК-да әкімшілік шығындар нормалары бойынша артық шығындарға жол берілген, осылайша Кәсіпорын қаражатын тиімсіз пайдаланды (табиғи монополия аясында 16,2 млн.теңге; нормасы 3 000 текше см. кезінде қозғалтқыш көлемі 4 000 текше см жеңіл автомобильді пайдалану; бензинді есептен шығару бойынша лимиттен тыс шығыстар; еңбекке ақы төлеу қоры бойынша 783,1 млн. теңгеге шығындар анықталды ).

Квазимемлекеттік сектор активтерін тиімсіз пайдаланудың ұқсас фактілері «Астана-Аймақтық электр желілік компаниясы» АҚ-да
1 151,6 млн.теңгеге байқалады (жоспардан тыс нормативтік техникалық ысыраптарды жабуға арналған артық шығындар 687,1 млн. теңгеге; еңбекақы төлеу қоры бойынша нақты шығыстардың 407,5 млн. теңгеге артуы; артық іссапар шығыстары 1,5 млн. теңгеге; бұрын белгіленген жетіспеушілікті 8,4 млн. теңгеге қамтамасыз етілмеген өтеу).

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы аудит объектілерінде  мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарын, атап айтқанда: өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану бойынша шараларды уақытында  қабылдамауын; мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу кезінде тапсырыс берушінің сатып алу тәсілін негізсіз таңдауын; шарттардың талаптарын тиісінше орындамағаны үшін мердігерлерден тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөніндегі шаралар қабылдамауын және т. б. атап өтті.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасында  қосымша білім беру ұйымдарымен мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу кезінде қаржыландыру көлемін айқындаған оқушылардың (контингенттің) нақты саны көрсетілмеген, шарттық құнды азайту бойынша өзгерістер енгізілмеген, қосымша білім беру ұйымдарымен жасалған шарттарға техникалық ерекшеліктердің сапалы жасалмауы белгіленген.

Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдары тиісті әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаларсыз күрделі сипаттағы жұмыстарды және ақау актілерін жасамай ағымдағы жөндеуді жүргізді.

Аудиторлық іс-шаралар барысында анықталған бұзушылықтар бойынша аудит объектілерін тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сот және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сонымен бірге, орын алған  бұзушылықтар үшін 80 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, уәкілетті органдарға және сотқа  қарау және шешім қабылдау үшін 36 факт бойынша материалдар жолданды, оларды қарау нәтижелері бойынша:

- 15 факті бойынша 1 276,2 мың теңге сомаға айыппұл сала отырып, аудит нысанының  заңды тұлғалары мен лауазымды адамдары тартылды;

- 20 факті бойынша әкімшілік іс жүргізу қарау сатысында;

- 1 факт бойынша әкімшілік іс қозғаудан бас тартылды.

Сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілерінің болуына байланысты процестік шешімді қарау және қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына 3 материал берілді.

Сонымен қатар, есепті кезеңде Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне, жергілікті атқарушы органдарға және аудит нысандарына  жұмыста анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөніндегі  37 ұсыным мен 193 тапсырма жіберілді.

Қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында елордада бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған іс-шаралары  жалғастырылатын болады.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ